31.03.2017 10:49

520

Қазақстандағы ең қуатты суперкомпьютер – ҚазҰТЗУ-да

Бүгінгі күні әлемде қуатты суперкомпьютерлер экономиканың жетекші салаларын дамытудағы негізгі факторға айналып отыр. Мұнай-газ, химия, атом өнеркәсібі, биотехнология, фармакология, энергетика, машина жасау және сейсмология секілді бірқатар салалардың жұмысын «ақылды» машиналарсыз елестету мүмкін емес. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да Ақпараттық және ғарыштық технологияларды ұжымдық қолданудың ұлттық ғылыми зертханасы ашылған болатын. Ал 2010 жылдың мамыр айында аталған зертханаға өнімділігі жөнінен Қазақстандағы ең қуатты суперкомпьютер орнатылды. 

Университеттің Қазақстан-Корей оқу орталығында орнатылған су жаңа суперкомпьютер 400 миллион теңгеге сатып алынған. Мұндай компьютерлер мүмкіндіктерін әлем елдері ғылым мен білім саласында бұрыннан бері пайдаланып келеді. Көлемі жағынан да кәдімгі компьютерден бірнеше есе үлкен құрылғының атқарар қызметі ұшан-теңіз. Оның метеорология және экология саласында ұзақ мерзімді бол­жамдар жасап, аэрокосмостық және ав­томобиль өнеркәсібі, ядролық энер­ге­тика бағытындағы күрделі міндеттерді шешуге, мұнай өндіруде және газ өнеркәсібінде, пайдалы қазбалардың орналасқан жерін алдын ала болжап табудағы маңызы ерекше. ҚазҰТЗУ суперкомпьютері қолданысқа енгелі бері қызметін әр сала өкілдері, оқу орындары, түрлі мекемелер қолдануда. Атап айтар болсақ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, «Жұқпалы ауруларға қарсы препараттар ғылыми орталағы» АҚ-ы, «Қазақфильм» АҚ-ы, «Орда Строй Групп» ЖШС секілді көптеген ұйымдар ұдайы пайдаланып келеді. Суперкомпьютер көмегімен «Қазақфильм» киностудиясы көпшілікке мәлім «Ер Төстік және Айдаһар» атты ұлттық толықметражды анимациялық фильмді жарыққа шығарды. Оған қоса, түрлі салалардағы көптеген зерттеулер де осы суперкомпьютер негізінде жүргізілуде. ЖОО-ның қызметкерлері мен студенттері «ақылды» компьютердің қызметін пайдаланып келеді.

Студенттеріміз суперкомпьютердің сырына қанығып, бар мүмкіндігін қолдануға күштерін салуда. Ақпараттық және ғарыштық технологияларды ұжымдық қолданудың ұлттық ғылыми зертханасы жетекшесінің орынбасары Қайрат Бостанбековпен әңгіме барысында осы мәселелерге қанық болдық. «Қазіргі кезде кез келген ғылым саласы компьютермен тығыз байланысты, – деді ол. – Бұрын зерттеулерде физикалық құрылғылармен тәжірибелер жасалса, қазіргі таңда олардың аса бөлігін компьютерлік модельдеу көмегімен жүргізуге мүмкіндік бар. Біз суперкомпьютерлер қызметін жақсарту мақсатында жаңа құрылғылар орнатудамыз. Студенттер мен магистранттарға суперкомпьютерге қатысты арнайы сабақтар өтіледі».

Айта кетейік, ең алғаш ашылған 2010 жылы ҚазҰТЗУ-дағы суперкомпьютер ТМД елдері бойынша ең ірі 50 суперкомпьютерлер қатарына кірген. Кейіннен басқа да үздік құрылғылардың қолданысқа енгізілуіне байланысты ТОП-50-ден шығып қалған-ды. 2014 жылы қосымша жаңа құрылғылар орнатылған соң, суперкомпьютер елулік қатарына қайта енді. Ел игілігі мен мәртебесі үшін заман талабынан туған суперкомпьютердің жұмысы одан ары жандана берсе екен дейміз біз де. 

Мақпал ЫСҚАҚ

 

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?