19.04.2017 15:13

705

Польшада өткен бес ай...

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тумасы Айжан Мырзалы  жастайынан ән айтып, би билеп, мектепте белсенді болып бойжетті. Бес жыл музыкалық мектепте арнайы қобыз сыныбынан білім алумен қатар, химия пәнін сүйіп оқығанын айтады. Бүгінде ол Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың Химиялық инженерия институтының 2-курс студенті. «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша білім алуда.  Белсенді, сабақ үлгерімі озат шәкірттердің қатарында. Әрқашан ізденісте жүретін бойжеткеннің  хоббиі – ән айту, кітап оқу және  университетіміздің қоғамдық өміріне белсене қатысу. «Инсайт» псиxологиялық тренинг клубының мүшесі ретінде Айжанды психология саласы қатты қызықтырады.  Бүгінде ол П.Клейнманның «Псиxология» атты кітабын оқуда. «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша 1-курстың наурыз айында басталған іріктеуден өткен 9 студенттің бірі ретінде Польшаға жол тартты. Онда Белосток техникалық университетінде 2-курстың алғашқы семестрін өткізіп қайтты. Өткен 5 ай Айжан үшін мол білім  мен тәжірибе жинаған уақыт болды. Білім қуған бойжеткеннен Белосток техникалық университетінің білім беру ерекшеліктері мен есте қалған қызықтарымен бөлісуін сұраған едік.

   

   

Барлық суреттерді көру

– Бұл бағдарлама арқылы  білімімді жетілдірумен қатар, жеке адами қасиеттерімді де дамыта білдім деген ойдамын. Көптеген жаңа достар таптым. Оларға өз елімді мақтана отырып әңгімеледім. Олардың мәдениетімен таныстым. Ағылшын пәнінен өзімізге берілген тапсырмаларды аса жауапкершілікпен орындадық. Өзге елдердің мәдениетін зерттеп, зерделеумен қатар, қазақ xалқының салт-дәстүрін дәріптеу ретінде де әндерімізді айтып, апталықтар ұйымдастырып тұрдық. Білім алу жағынан айтарлықтай айырмашылықтар бар. Мысалы, Қазақстанда мектептен кейін бірден ЖОО-на оқуға баруға болатын болса, Еуропа мемлекеттерінің көбінде орта білімнен кейін жұмыс жасап, өмірден тәжірибе жинақтап барып, 21–22 жаста ғана ЖОО-на білім алуға ұмтылады екен. Алғашында бұл маған қызық көрінді. Тобымыздағы студенттердің бәрінің жасы менен әлдеқайда үлкен. Сондай-ақ Еуропа мемлекеттерінде әр студент өзі үшін оқиды. Бұл дегеніміз –  оларға университет немесе ұстаз тарапынан ешқандай да қадағалау мүлде жоқ десе болады. Берілген тапсырмаға өзің үшін дайындаласың. Бұл  студенттерді босаңсытпайды да. Өйткені сынақ тапсыру өте жауапты кезең екенін әр студент жете түсінеді. Ұстаздар да сынақты өте қатал талаппен алатынын байқадым. Бұл келтірілген мысалдар кредиттік технология арқылы білім беру жүйесінің Еуропа елдерінде мықты дамығанын көрсетеді. Тұңғыш рет жаңа жылды ата-анамнан жырақ, Польша жерінде қарсы алдым. Осы мейрам  қарсаңында Белосток қаласының мэрі Тадеуш Трусколяскиймен кездесу біздер үшін өте әсерлі өтті. Мэрдің алдында қазақстандық студенттер ән салып, би билеп, өз өнерлерімізді ортаға салдық. Олар  шын мәнінде біздің елдің өнеріне таңқалғандарын жасырмады. Ол жақтағы дәстүрлердің бірі – студенттер мэрге, университет басшыларына үлкен шырша тәріздес шарларды сыйға тартады екен. Бұл жастар тарапынан үлкендерге деген құрмет белгісі болып саналады, – дейді.

Алдына айқын мақсаттар қойып, алға ұмтылған студент қыз бүгінде ғылыми жобалармен айналысуда.

Жұлдыз БАҒАШАРОВА

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?