19.04.2017 17:09

744

Абай да ғылымды сүюге шақырған

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар институты директорының орынбасары, физика-математика ғылымдарының кандидаты Бағдат Яғалиевамен сұхбаттасып, мамандығы туралы ой бөліскен еді.

  

– Бағдат Есенқызы, балалық шағыңыз, туған жер, өскен орта несімен есте қалды?

– Мен Шығыс Қазақстан облысы Ақсуат ауылының тумасымын. Балалық шағым Құмкөл деген көркем жерде, сол ауылдың Тақия кеткен елді мекенінде, Айбақ көл, Саба құлаған жайлауында өтті десем де болады. Жайлау – жазғы қоныс. Жайлаудың суы мол, шөбі шүйгін, маса-сона, шыбын-шіркейі аз, демалуға жақсы жер. Осындай керемет жерде тау басында талай кітаптар оқып, ауылдың төбесінен қарап, туған жердің ауасын жұтып, 12 жасыма дейін балалық шағымды өткіздім. 1989–1994 жылдары Алматыдағы Республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатында оқып, оны үздік бітірдім.

– Қай жылы, қай жерде еңбек жолын бастадыңыз?

– 1994–1999 жылдары Қазақ ұлттық техникалық университетінде Автоматты және басқару жүйесі факультетінде робототехникалық жүйе және кешен мамандығы бойынша оқыдым. Еңбек кітапшам 1992 жылдан тігінші ретінде ашылған. Қолыма жоғары білімді диплом алғаннан кейін Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде «Агроуниверситет» баспасының бас маманы қызметін, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазақ университеті» баспасында және механика-математика факультетінде бас маман қызметін, Қазақ-Британ техникалық университетінің «Компьютерлік инженерия» кафедрасында оқытушы қызметін атқардым.

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-де 2011 жылдың ақпан айынан бастап еңбек етемін. Қашықтықтан білім беру институтында директордың орынбасары, Қашықтықтан оқыту технологиясы ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы қызметін атқардым. «Компьютерлік және бағдарламалық инженерия» кафедрасы және «Ақпараттық қауіпсіздік» кафедраларында доцент міндетін атқарып, дәрістер оқыдым.

– Мамандығыңыздың ерекшелігі жөнінде айтсаңыз?

– Мамандығым – жүйе электригі. Университетте әр салада атқарған қызметтерім ұнайды. Студенттік кезде қызық оқиғалар өте көп болды. Топтағы студенттер ұйымшыл болдық. Қайта құру заманында оқысақ та, сабақтан қалу, оқудан шығу деген менің тобымда болмады. Жақсы оқитын балалар бір топқа түсіппіз.

– Ғылым жолына түсуіңізге қандай себептер әсер етті?    

– Университеттегі ұстаз Ляззат Атымтаева маған бірде кафедрада «Бағдат, сіз ғылыммен айналысқыңыз келе ме, сіздің ғылымға деген қызығушылығыңызды байқадым», – деп сауал қойып, ғылым жолына шақырды.

2010 жылдың 26 қарашасында техника ғылымдарының докторы, профессор Жайлау Масанов пен физика-математика ғылымдарының докторы Ляззат Атымтаевалардың ғылыми жетекшілігімен физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін ойдағыдай қорғадым. 2014 жылдан Білім беру сапасын қамтамасыз ететін тәуелсіз қазақстандық агенттігiнің сарапшысымын.

   

   

– Келешекке қандай жоспарларыңыз бар?

– Мен өмірде өзімді жолы болғыш адамның санатына жатқызамын. Өйткені жұмысыммен, әріптестеріммен мақтанамын. Әрқайсысынан үлгі-өнеге алып, ғылыми, мәдени жағынан да рухани баю үстіндемін. 40-тан астам ғылыми және оқу-әдістемелік нұсқауларым жарияланды. Ұлыбритания, Жапония, Түркия, Ресей елдерінде болып, халықаралық конференцияларға бірнеше рет қатыстым.

Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар институты кафедраларында әлемдік үрдіске тұрақты мониторинг жасап, өз қажеттіліктері мен мақсаттарына сәйкес ең озығын, ең тиімдісін зерттеп және енгізу қажеттігі қарастырылуда. Ғылым мен білімнің одан әрі дамуы үшін сәйкес салалардағы әлемдік ғылыми орталықтармен тығыз ғылыми ынтымақтастық орнату, Қазақстанда және шетелде де тәжірибе алмасу жоспарымда бар.

– Адамның қандай қасиеттерін қадірлейсіз?

– Адамгершілік туралы қасиетті мектептегі Маруа деген апайымыз «Алтынға бітіріп оқысаңдар да, бойларыңда адамгершілік қасиеттерің болсын, мен сендерді бағаларыңмен бағаламаймын», – деп айтатын еді. Ал ғылыми жетекшім болған Ж.Масановтың «Адамгершілік деген қасиет барлық адамға бірдей берілмейді, сол үшін ол адамға ренжу керек емес» деп айтатыны есімде. Мен бірқалыпты мінезді кадірлеймін.

– Ғалым адам мен жай ұстаздың қандай айырмашылығы бар?

– Ғалымдық пен ұстаздықтың ара-жігі үлкен. Ғалым – бөлме, кітапхана, академия адамы. Ұстаз – мектеп, институт дәрісханасындағы адам, оның «объектісі» – шәкірт. Әрине, университетте ғалымдық пен ұстаздықты бірге алып жүру міндеттелінеді. Қай заманда болсын ұстаздарға деген құрмет жоғары болған. Ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Кімде-кім талмай еңбектеніп, сарыла ізденіп, санасын мәні ашылған шындықтармен толықтырып отырса, ғылымның бір саласын жете меңгерген ғалым болуы қиын емес. Ғалым болу әрбір адамның өзіне тікелей байланысты жағдай.

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз», – деген Абай атамыз да ғалымдарға еліктеуге, ғылымды сүюге шақырған ғой.

– Әңгімеңізге рахмет!

Бану ШАЛОВА

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?