20.04.2017 15:44

424

Біз Елбасымен біргеміз!

Таяуда  баспасөзде  жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «елімізді рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасын» ұсынды. Бұл халқымызға рухани жол көрсететін нақты бағдар екеніне күмән жоқ. Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталып отырған бұл идеяның ұсынылуы уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай, маңызы зор шешім болып отыр. Бұл идеяның үшінші жаңғырудың өзегіне айналуы, елімізге мүлдем жаңаша сипат, тың серпін әкелері анық. Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Оның ең негізгісі – ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстынды сақтап қалу, тарихтың белестерінен сүрінбей өткен құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғырудың алғы шартына айналдыра білу. Бұл ретте Елбасы: «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек», – деп атап өтті.  Елбасы рухани жаңғыру жолында таяу жылдары атқарылуы тиіс негізгі міндеттерді де нақты анықтап беріп отыр. Соның бірі – латын әліпбиіне көшу. Әрине,  әбден қалыптасып, үйреніп қалған  «кирилицамыз» біз үшін өте қымбат, алайда болашаққа, әлемдік бәсекеге қабілеттілікке қадам  – ол латын әліпбиіне көшу деп білемін. Екіншіден, Елбасымыздың айтуынша, білім беру жүйесінде дүние жүзінде баламасы жоқ бағдарлама іске асырылатын болады. Әлемдегі ең үздік әртүрлі тілдердегі 100 оқулық қазақ тіліне аударылады. Бұл да халқымыздың білімін әлемдік кеңістікке, ғаламдық деңгейге алып шығуға тың серпін беретіні сөзсіз.

«Президент рухани жаңғыруды жүзеге асыруда әлемде ешкімге ұқсамайтын дербес ұлт болуымыз үшін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру міндетін қойып отыр. Мәдениетіміздің озық үлгілері әлемдік деңгейде кеңінен танылып, дүние жүзіндегі бәсекеге қабілеттілігі халықаралық деңгейге сай болуы шарт.

Біз, қазақ ұлты,  рухани жаңғыру арқылы өркениетті әлемнің ажырамас бөлігіне айналамыз. Бұл біздің тарихи таңдауымыз.

Еліміздің болашағы үшін қажымай-талмай еңбек етіп жүрген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың  бұл мақаласы жастар үшін аса құнды еңбек деп санаймын. Біздер елімізбен біргеміз, Елбасымен біргеміз ! 

     

Бекнұр ЖӘКЕН,

«Жас Отан»  жастар қанаты  ұйымының төрағасы

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?