21.04.2017 14:39

861

17 секундты құраған жеңіс

Фархат Құрманғалиев – Т.Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының 1-курс студенті. Жастайынан спорттың каратэ, бокс, еркін күрес түрлеріне қатысқан.  Бәрі де балалық шақтағы спортқа деген үлкен армандардан туындаған  қызығушылықтар еді.  2015 жылдан бастап ережесіз жекпе-жекпен тұрақты айналысуды жөн көрген ол аз ғана уақыттың ішінде  Ақтөбе, Алматы, Ақмола облыстарында өткен сайыстарға қатысып, жеңімпаз атанып үлгерді.  

   

Барлық суреттерді көру

2015 жылы панкратионнан Ақтөбе қаласында өткен жарыста 66 салмақ дәрежесінде 12 адам қатысқан додада 2-орынды иеленуі – алғашқы  жеңістерінің бірі еді. 2016 жылы Маңғыстауда өткен осындай жарыста 1-орынға көтерілді.  Фархаттың да мақсаты – спортта үлгі тұтар ағалары Ардақ Назаров, Арман Оспановтардың жолын қуып, Көк туымызды желбіретіп, қазақ елін барша әлемге таныту. Фархат биылғы 28 қаңтарда «Инстаграм» желісіндегі бейнебайқауға қатысып, 2016 жылғы Бразилиядағы Олимпиада ойындарының чемпионы Данияр Елеусіновтың шеберлік сағатын тамашалап, әйгілі спортшының қолтаңбасы бар былғары қолғап пен демеушілердің атынан спорттық киім ұтып алды.

Университет қабырғасында біліммен қатар спортты да бір сәт тастаған емес. Алғашқы курста-ақ Алматы қаласында өткен  талай  жарыстарға қатысып, 1-орынды иеленді. Осы жылғы 19 ақпанда  джиу-джитсудан Алматы қаласында өткен, оған 300-ден аса адам қатысқан ірі жарыстың, сондай-ақ 10 наурызда Астана қаласында өткен, 200-ден астам спортшы қатысқан жекпе-жектің   жеңімпазы атанды. Бұл жарыстарда 4 қарсыласын айқын жеңіп, жеңісті қолдан берген жоқ. Сәуірдің 1-күні Қазақстан студентері арасында басталған «ALFA students’ CUP-2017» жарысында 3 жекпе-жекте де жеңіске жетіп, Алматыда 23 сәуірде өтетін «Аlmaty fight academy» жарысының ақтық сынына жолдама алып отыр. Бұл жарыстың басты сыйлығы – студент оқып жүрген оқу орнына арнайы кубок табыс етіліп, жеңімпаз атанған студентке 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі.

13–16 сәуір аралығында Тараз қаласында Қазақстан Республикасының кубогы үшін ұлттық спорт түрінен өткен жарыста 70 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған Фархат ол туралы: «Бұл додаға 13 облыстан 200-ден астам адам қатысты. Өз салмақ дәрежемде 4 қарсыласымды 1 минутқа жетпей тізе бүктірдім.  Ең жылдам жеңіске жетуім 17 секундты құрады. Негізгі берілетін уақыт – 4 минуттан 2 раунд. Сол жарыстан соң Бүкіләлемдік жекпе-жек президенті Сабыржан Махметов менің қолымды алып, болашағыма ақжол тіледі. Бұл жарыста «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтетін Азия чемпионатына  жастар атынан арнайы  жолдама алдым», – деді жас спортшы. Алда жарыстар көп. Біз 17 жасар балаң спортшының болашағына толағай табыстар тілейміз!

Жұлдыз БАҒАШАРОВА

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?