21.04.2017 16:04

355

Абыройың арта берсін!

Кітап – мұра. Осынау қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген  кітапханашылар – ең абыройлы мамандық иелері. Кітапханашылар кітапханаға кірген әрбір оқырманға білім шуағымен қатар, көңіл шуағын да шашып, мейірімді жүздерімен өздеріне бірден баурап алады. Солардың бірі – Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың Ғылыми кітапханасында Орыс тіліндегі төменгі курс абонементінде кітапханашы болып істейтін Шынар Жобалаева туралы айтсақ дейміз.

Шынар Жобалаева мектепті бітіргеннен кейін Абай атындағы ҚазҰПУ-ды тәмамдап, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дің Ғылыми кітапханасында еңбек жолын бастады. Содан бері де 22 жыл өтіпті. Көп тәжірибе жинақтады.

   

Ғаламтор арқылы семинарларға қатысып тұрады. Оқырмандардың сұраған әдебиеттерін тауып беріп, оны уақытылы өткізуін қадағалайды. Кітапханадағы жоғалған және бүлінген әдебиеттерді тіркеумен айналысады. Адалдық пен инабаттылықты, сыпайылық пен байсалдылықты, кішіпейілділікті бойына дарытқан Шынар студенттермен тіл табыса жұмыс істейді. Олар оқулықтармен қатар көркем әдебиетті де жақсы алады екен.

Шынар ҚазҰТЗУ басшылығы тарапынан бірнеше рет Алғыс хаттармен марапатталды. Кітапханаға жоғары оқу орнын енді аттаған білімгерлерден бастап, ғалым-оқытушыларға дейін өздеріне қажетті әдебиетті іздеп, осы киелі мекен – кітапханаға соқпай кетпейді. Кітапхана жұмысы көзге көріне бермейтін ағысы баяу терең өзен секілді. Бүгінгі күні жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің өз мәнінде сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық. Осыған орай еліміздегі бірден-бір руханият ордасы – кітапханалардың алатын орны ерекше. «Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» дегендей, егеменді мемлекетіміздің болашағы жастардың мәдени-танымдық қабілетін қалыптастыратын мәдени ортаның бірі – кітапхана.

– Бүгіндері ақпараттық технология дамыған кезең, компьютер, ғаламтор, яғни ақпарат алудың кітаптан басқа да жүйесі кең дамыған. Алайда көркем туындының алар орны биік. Сондықтан жастар көркем әдебиетті де оқығанды қалар едім. Өйткені көркем шығарма ой-өрісті кеңітеді, – дейді Шынар Жобалаева бізбен ой бөлісіп. – Кітапханашының ой-өрісі кең, жан-жақты білімді, өз мамандығына сай, оны сүйетін, өз ойын оқырмандарына анық, тұжырымды етіп, дәл айтып түсіндіре білуі шарт.

Қызығы мен қиындығы мол мамандық иесі Шынар Жобалаеваға абырой-беделің арта берсін дейміз.

Бану ШАЛОВА

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?