24.05.2017 14:49

651

Үздік диплом иесі

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да әдеттегідей қарбалас шақ. Университет студенттері арасындағы кезекті сессия сынақтарын ойдағыдай тапсырғандарының біразы жазғы демалысқа кетсе, біразы мамандығына сәйкес тәжірибе жинақтау мақсатында өндіріс орындарының табалдырығын аттауда. Ал, осында 4 жыл бойы білім алып, жастық шақтарының жалаулы сәттерін өткізгендері дипломдарын қолға алатын сәтті асыға күтуде. Олардың жанарларынан бір-біріне деген қимастық сезімдерін анық байқауға болады. Оларды алда биік мақсат, асқақ арман жолдары күтіп тұр. «Инемен құдық қазғандай»  ұйқысыз да күлкісіз, сабаққа дайындалған талай күндер мен түндері  артта қалып барады. Қолдары қалт ете қалған кездегі жастардың думанды кештерінің қызығы да сағынышқа айналатындай. Осындай сезім құшағында жүрген жастармен тілдесіп қалуға біз де асықтық.  Т.Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институты директорының орынбасары Жанар Жұмаділовамен тілдескенімізде, білім орнын үздік бітіріп отырған  Сәния Тасыбаеваның есімін атады.

    

Сәния – «Қоршаған ортаны қорғау және  тіршілік қауіпсіздігін сақтау» саласының маманы. Осы ҚазҰТЗУ-дың түлегі, әкпесі  Мәдинаның ақыл-кеңесімен  университет табалдырығын аттағаны да күні кеше сияқты. Арада сынаптай сырғып 4 жыл да өте шығыпты. Сәния бар уақытын білім алуға жұмсады. ҚазҰТЗУ-дың Ғылыми кітапханасынан шықпады. Табанды ізденісі өз жемісін берді. Ол алғашқы күннен-ақ  ең үздік студент атанды. Ғылыми жұмыстармен айналысты. Студент бола жүріп, «Integ ExperT» компаниясында жұмысшы-қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бөлімде жұмыс істеді. Теориялық алған білімін тәжірибемен ұштастырды. Сәниядан студенттік өмірі жайлы айтып беруін өтінгенімізде, оның жанарынан ерекше қуаныш табын көрдік. «Осынау 4 жыл ішінде өміріме азық боларлық қызықты да ғибратты сәттерді  көп көрдім. Көптеген шынайы да адал, мейірімді құрбылар таптым. Елімізге танымал мәдениет және өнер жұлдыздарының өнерін тамашаладым.  Қолтаңаба алдым, жақын таныстым.  Көптеген ұстаздарым, әсіресе, Жанар Жұмаділова апайымнан көп нәрсе үйрендім.  Адал да талапшыл, білімді,  айналасына шуақ таратып жүретін сол жандай болсам деймін.  ҚазҰТЗУ жаныма  ыстық көрінеді. Әкпем Мәдина секілді менен кейінгі сіңліме  «ҚазҰТЗУ-ға оқуға кел» демекпін», – деді.

Сәнияның алдағы жоспарлары да асқақ. Еңбек жолын өз мамандығына сәйкес бастамақ. Сөйтіп, еліміздің экологиясын сауықтыру мақсатында университетте алған білімін іске асырмақ. Үздік диплом иесі Сәнияның ертең білікті маман болатынына күмәніміз жоқ.

Серікжан ҚАЖИ  

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?