24.05.2017 15:55

535

Елінің келешегіне елеңдеген жас

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да жүректерінде жастық жігер, бойларында күш-қуат, жанарларында жалын ойнаған жастарды көргенде ұлы Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» деген ұлағатты сөзі еске оралады. Шынында да, тәуелсіз еліміздің болашағы бүгінгі жастардың қолында емес пе?!. Жасыратыны жоқ, қоғамдық орындарда, көшелерде кейбір жастардың келеңсіз әрекеттерін көріп қынжылсаң, ҚазҰТЗУ-дағы жастарға қарап көңілің марқайып қалады. Олармен тілдесе қалсаң, кәдімгідей жігерленесің, іштей қанаттанасың. Келер күндерге деген сенімің артады. Елінің келешегіне елеңдеген жастарды көріп риза боласың. Сондай жастың бірі – Экономика және бизнес институтының 3-курс  студенті Батырхан Тұрғанбаев. Батырхан – елімізде тәуелсіздік жылдары ғана қолға алып, бүгінде жаңадан дамып келе жатқан логистика саласының болашақ маманы. Жаңадан дамыған деп жатқанымызбен, бiздiң бабаларымыз көне замандарда да құрлықтар арасын Ұлы Жiбек жолы арқылы жалғап, керуен-керуен тауаларымен сауда көрiгiн қыздырып отырған. Болашақ жас маман Батырхан да осы ойды дәп басып айтты. Осы саланы неге таңдадың деген сауалымызға: «Логистика саласының маңызы мен мәні зор. Еуропа, Қытай және Ресейдің арасындағы транспорттық дәліз Қазақстанды кесіп өтеді. Сол себептен да мен таңдаған мамандықтың келешегі зор. Алла бұйыртса, логистикалық бизнесті қолға алсам деп жүрмін. Қазірдің өзінде бизнес саласына қатысты білімімді жетілдірудемін. Ағылшын тілін де өз бетімше үйреніп алдым. Ата-анам алдындағы парызымды абыроймен орындап, болашақта  маман ретінде еліміздің экономикасының дамуына өз үлесімді қоссам деп ойлаймын», – деді.

  

Рас. Батырханмен әңгімелесіп отырғанда, оның елім дегенде еміреніп тұрған шалқар көңілін байқадық. Ата-анасының ақыл-кеңесімен ҚазҰТЗУ-дағы Әскери кафедрасында оқып, Қазақстан Қарулы Күштері саласы әскери байланыс жүйесіндегі Ақпараттық қауіпсіздікті қаматаматсыз ету мамандығының запастағы лейтенант дәрежесін алды. Қажет кезінде әскери қызметті атқарып кетуіне мүмкіндік алғанын қуанышпен жеткізді. Әскери кафедрада әскери қызметтің қыры мен сырын  үйреткен ұстаздарына деген алғысы да шексіз. Әсіресе, полковник Қабден Базарбаев пен  полковник Равиль Мамашевтің есімін ризашылықпен атады.

Міне, ҚазҰТЗУ-дағы Батырхан секілді жастарды көріп, ұлы Мағжанның «Мен жастарға сенемін» деген сөзіне қуана қол соғасың.

Серікжан ҚАЖИ

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?