25.05.2017 16:03

314

Жігітке жеті өнер де аз деген

Біздің кейіпкеріміз Мұрат Сұлтанбай – Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың түлегі. Қазір Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының Гидрогеология және инженерлік геологиясы кафедрасында инженер болып қызмет істейді. 2013 жылы  Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтын бітірген соң, 2 жылдай өндіріс саласында еңбек етті. Теориялық білімін іс жүзінде атқарып көрді, тәжірибе жинақтады. Міне, 2015 жылдан бері өзі түлеп ұшқан ҚазҰТЗУ-да.  Кешегі өзі секілді студент жастарға ұстаздық жасайды.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Мұрат бірнеше өнердің құлағын ұстаған  талант иесі. Ақындық, сазгерлік, домбырашылық секілді өнер түрлерін серік еткен жан. 7 сәуірде Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ институтының №128 дәрісханасында студент ақындардың республикалық мүшәйрасы өткен болатын. «Алаш» Ұлттық қозғалысының 100 жылдық мерейтойына арналған бұл мүшәйраны ҚазҰТЗУ-дың «Бәйшешек» әдеби бірлестігінің мүшелері ұйымдастырды. Айтқандай, Мұрат кешегі студент кезінде мүше болған бұл  әдеби бірлестік жұмысынан  әлі қол үзіп көрген жоқ. Жас ақындар арасында болып, олардың қаламдарының ұштала түсуіне ақыл-кеңесін береді. Мұндағы айтпағымыз, Мұрат мүшәйраға келген жас ақындар мен қонақтардың алдында бірнеше күй орындап берді. Әсіресе, оның орындауындағы Құрманғазының «Сарыарқасындағы» ұлттық рухымызды аспандататын күй сарыны бәрімізді ерекше сезімге бөледі. Күй құдіретін ұқтырғандай болды.

   

Талантты өнер иесімен бұдан кейін де бірнеше рет жастардың өнер байқауларында кездесіп қалып жүрдік. Өнер иесіне тән қарапайымдылық, шынайылық, өзінен кейінгі жастарға деген ізгі қамқорлық оны өзелерден ерекшелендіріп тұрады. «Халық қаласа – хан түйесін сояды» дегендей, ол қандай ортада болмасын, өз өнерін көрсетуден тартынып көрген емес.  Сірә да, «өнер – халық қазынасы» деген есті сөз есінде  жүретін болса керек. Өнер демекші, Мұрат  жастайынан өнерге жақын болды. Оған анасы Сайлау көп ықпал етті. Мектеп қабырғасында-ақ аудандық, облыстық талай байқауларда бас жүлделерді қанжығасына бөктерді. ҚазҰТЗУ-дың студенті кезінде Алматы қаласы бойынша өткен жас өнерпаздардың «Жас жұлдыз» байқауында Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Сөзін де, сазын да өзі жазған әрі өзі орындаған «Желбіре, көк туым» атты әні көрермендер көзайымына айналды. Әңгіме арасында ол соңғы кездері өзінің көңілінен шығатын 5-6 ән жазылғанын айтып қалды. Алайда, бәз біреулерше жазған дүниесін жарнамалауға асықпайды, «уақыт өзі көрсетеді» деген ойда. Сол сияқты, қазіргі әдеби ортада кеңінен  таныла бастаған Қайсар Қауымбек, Әріби Әрібек, Ерзат Қадылхан сынды ақындармен де тығыз қарым қатынаста..

Түйіндей айтқанда, ұстаз, ақын, домбырашы, сазгер, асаба Мұрат Сұлтанбайдың  ҚазҰТЗУ-дың жастарына беретін үлгі-өнегесі жетерлік.

Серікжан ҚАЖИ

 

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?