29.05.2017 08:52

307

Асқақ арманы алға жетелейді

Азамат Әлменов  – Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының 2-курсын тәмамдаған студенттердің бірі. Оқу жылын ойдағыдай аяқтап, жазғы сессиядан сүрінбей өтіпті. Қазіргі кезде «Қазселқорғау» мекемесінде өндірістік тәжірибеден өтуде. Ұстаздары білімге құштар Азаматтың болашағынан көп үміт күтеді. Себебі, ол сабақты жақсы оқып қана қоймай, мамандығының қыр-сырына қанығу мақсатында көп ізденеді екен. 

Оңтүстік Қазақстан өңірінде дүниеге келген ол, ілім мен білімге ынтасының бар екенін жастайынан аңғартса керек. Мектепте өзін тек жақсы қырынан көрсетіп, ұстаздарының назарына ілікті. Химия пәнінен үздік болған Азамат, бірқатар аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Шымкенттегі үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп-интернатты ойдағыдай аяқтап, арман қуып ару Алматыға келді. Мектепте оқып жүргенде «политех» туралы көп еститін. Оқуды бітірген соң, мен де әйгілі «политехта» оқысам деген арманы болды. Арманы алдамады. ҚазҰТЗУ-дың студенті атанды. «Ата-анам, ұстаздарым маған үлкен үміт артып отыр. Мен қалайда сол үкілеген үміттерін ақтауым керек»,- дейді ол. Күні кеше Қ.И.Сәтбаевтың туған күніне орай өткен ғылыми-конференцияда «Оңтүстік алқаптардағы күріш алқаптарын суару» тақырыбында баяндама оқып, көпшіліктің көңілінен шықты. Шара ұйымдастырушыларының ұйғарымымен Азаматқа мағыналы әрі мәнді баяндама жасағаны үшін Алғыс хат тапсырылды. Азаматты еліміздің кей өңірлеріндегі ауыз су тапшылығы толғандырады. Болашақ гирогеолог ретінде, сол олқылықтардың орнын қалай толтыруға болатынын ойластыруда. «Су – тіршілік бастауы. Мені көп аймақтардағы ауыз су мәселесі алаңдатады. Оқуды бітірген соң, осы бағытта жұмыс жасағым келеді»,- дейді болашақ гидрогеолог. Ендеше, алған бағытыңнан тайма дегіміз келеді.  

Мақпал ЫСҚАҚ  

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?