29.05.2017 10:35

461

Жаны жайсаң жаттықтырушы

Әр мамандықтың өзіне тән қиыншылығы мен қызығы бар екені бесенеден белгілі. Бір қарағанда, жаттықтырушылық жұмыс жеңіл көрінгенімен, ауыртпалығы да аз емес. Түрлі жарыстарға байланысты жиі сапар шегетіндіктен, олар апталап-айлап үйлерін көрмейді. Сыртта жүрген оларды сан түрлі қиындықтар да күтіп тұруы мүмкін. Мүмкін дейміз-ау, солай болып та жатады. Спортшылардың ас-суынан бастап, қонақ үйлерге орналастырылуына дейін жаттықтырушылардың мойнында. Десек те, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да қиындықтарға мойымайтын, өз мамандығын жанындай сүйетін жаттықтырушылар баршылық. Солардың бірі – Аманкелді Тілеубердин.

Аманкелді – 2006 жылдан бері ҚазҰТЗУ-дың Спорт клубында жаттықтырушы болып қызмет істеп келеді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»,- дегендей, ҚазҰТЗУ-дағы  жастардың салауатты өмір салтын берік ұстануына, олардың спортпен айналысуына жетекшілік жасап келеді. 1996 жылы Алматы қаласындағы Спорт және туризм академиясын «Дене шынықтыру мұғалімі, спорттан жаттықтырушы» мамандығы бойынша тәмамдаған Аманкелді, соңғы жылдары  елімізге жаңадан енгізіле бастаған спорттың  мас-рестлинг түрінен жаттықтырушы болып жүр. Айта кетейік,  мас-рестлинг – якуттардың ұлттық спорт ойыны. 2003 жылдан бастап Ресейдің бұқаралық-көпшілік спорт тізіміне енгізілген. Ал, біздің  елімізде таяу жылдардан бері ғана қанат жайып келеді.  Мас-рестлинг – таяқ  тартысы арқылы барлық бұлшық етті жаттықтыратын спорт түріне жатады. Мұндағы таяқ тартысында қол ғана емес, аяқ, барлық дене қозғалысы маңызды. Екі спортшы белгіленген алаңнан аспай, жеңіске жету керек (қазақтың ұлттық арқан тартысына ұқсайды деуге болады). Аманкелдінің спортшы шәкірттерінің жетістіктері де аз емес. ҚазҰТЗУ-лық мас-рестлингшілер әлемдік додаларда бой көрсете бастады. Мәселен, 27 сәуір мен 1 мамыр аралығында Алматы қаласында мас-рестлингтен әлем кубогы үшін өткен жарыстың 1-кезеңінде Аманкелдінің шәкірттері жүлделі орындардан көрінді.  Олардың арасында Т.Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының 2-курс студенттері  Алтын Ақылбек пен Дина Қаржаубаева топ жарды. Енді олар әлемдік доданың келесі кезеңінде өнер көрсетпек. Ал, Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының 2-курс студенті Абзал Қалдарбек болса, қандай байрақты бәсеке болсын, алдына қара салып көрген емес. Жаттықтырушы әрі ұстаздың еткен еңбегінің жемісі осы болар. 

Осынау спорт әлеміне қалай келгендігін сұрағанымызда, Аманкелдінің жеке басына қатысты біраз жайға қанықтық. Мектеп партасында басталған спорттық өмір жолы, оның талай биіктерді бағындыруын нәсіп етіпті. Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында азаматтық борышын әуе десанты әскері қатарында абыроймен атқарып оралғандығы, жастайынан айналысқан спорттың арқасы. Жаны жайсаң, өз ортасында үлкен беделге ие Аманкелді – бүгінде өнегелі отбасының егесі. Жан-жары Дархан ұстаздық қызметте, қызы Жанель 10 сыныпта білім алуда. Бар бақытын еңбектен іздеген Аманкелдінің жұлдызы биіктей берсін!

Серікжан ҚАЖИ

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?