29.05.2017 14:33

761

Математика – барлық ғылымдар патшасы

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар институтының доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Еділ Әбдіхалықұлы Қасымов – білікті инженер кадрларын даярлауда өзінің мол еңбегін сіңіріп келе жатқан айтулы ғалым. А.Байтұрсынов атындағы «Үздік автор» күміс медалі иегерімен сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Еділ Әбдіхалықұлы, әр мамандықтың өзіндік тұжырымдамасы болады. Мәселен, «Математика – барлық ғылымдар теориясының негізі» немесе «Математика – барлық ғылымдар патшасы» деген тұжырымдар бар. Яғни, әрбір ғылымның негізінде математика жатыр. Осы айтылған тұжырымға қосып-аларыңыз бар ма?

– Меніңше, «Математика – барлық ғылымдар патшасы» деп қысқа тұжырымдалса да, нақты айтылған. Жалпы, ғылым іргелі және қолданбалы деп екі түрге бөлініп айтылады. Бірақ олар бәрібір бір-бірімен тығыз байланысты. Іргелі ғылымды дамыту нәтижесінде ғана қолданбалы математика пайдаланып, ашылған жаңалықтарды қажетті өндіріске енгізіп, іске асыру керек. Ал ашылған жаңалықты жүзеге асырудың өзі де оңай шаруа емес. Яғни, ашылған жаңалық халыққа елеулі табыс келтіретіндей өндіріс орындары қажет. Ондай кәсіпорындар болса жақсы, болмаса ше? Оған көп уақыт кетеді, біраз жүгіру керек.

– Білімді қайда алып, қай оқу орнын бітірдіңіз?

– Орта мектепті 1965 жылы Алматыдағы № 12 мектеп-интернатында оқып бітірдім. Сол жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) математика факультетіне оқуға түстім.

– Ұстаның да ұстазы болады. Математик ғалымдардан кімдерді пір тұтасыз?

– Қазақстанда талантты математиктер жоқ емес, көп. Мысалы, Ломоносов атындағы ММУ-нің түлегі, өзімнің ғылыми жетекшім, ҚР ҰҒА-ның академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мұхтарбай Өтелбаев және ҚР ҰҒА-ның академиктері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Кәлменов пен Асқар Жұмаділдаев және басқаларды есімдері бүкіл әлемге танымал ғұлама математиктер десем, еш қателеспеймін. Оларды пір тұтам, аса қадірлеймін.

– Едеке, меніңше, Сіз өте қарапайымдылық танытып отырсыз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Дифференциалдық теңдеулер мен басқару теориясы» кафедрасын ұзақ жыл басқарған ҚР ҰҒА-ның академигі, әйгілі математик, Қазақстан математикасы ғылымын дамытуға елеулі үлес қосқан ғалым Құлжабай Қасымов Сіздің туған ағаңыз емес пе?

– Иә, ол кісі менің туған бауырым. Ұзақ жылдар сол оқу орнында жемісті еңбек етті. Еліміздегі математика ғылымын дамытуға, оның дифференциалдық теңдеулер мен математикалық талдау есептерінің шешімдерін табу саласында көп еңбек сіңірді. Менің  математик болуыма елеулі ықпал етті десем де болады. Ол кісінің есімін құрметпен атау – мен үшін үлкен мақтаныш. Шәкірттері жетерлік. Бір өзі 50-ден астам математика ғылымдарының кандидаттарын даярлады. Абай атындағы Ұлттық педагогика университетінің ректоры болды. Математика саласында аса көрнекті жетістіктері үшін «19002000 ғасыр адамы» атағы берілді (Кембридж, Англия).

– Әділ Қасымовтың Сізге қатысы жоқ па?

– Иә, ол да туған бауырым. Ол да профессор, физик әрі математик. Бүгіндері Қазақ ұлттық аграрлық университетінде еңбек етеді.

– Сіздерді математиктер отбасы дегеніміз дұрыс болады ғой онда...

– Солай десеңіз де болады. Отбасындағы 7 баланың ішінде төртеуміз – математикпіз.

– ҚазҰТУ-да «сопромат» деген пән оқытылады. Таратып айтар болсақ, «сопротивление материалов» деген сөз. Көп студенттің осы пәннен қатты қиналатынын талай естігенбіз. Бұл инженерлік таза есеп-қисапқа негізделген пән ғой. Мәселен, үлкен аспалы көпір салсаңыз да, аспанмен таласқан биік көп қабатты үй тұрғызсаңыз да, инженерлік жобада ешқандай да қате жіберілмеуі тиіс. Ондай болған жағдайда кез келген құрылыс адамзатқа қауіпті. Бұған не дер едіңіз?

– Техникалық жоғары оқу орындарының студенттері сопромат пәнінен қиналатыны шындық. Жоғары оқу орындарының жоспары бойынша студент бірінші курста жоғары математика курстарын игеріп, содан соң сопромат пәнін оқуы тиіс. Ал студенттердің қиналуының басты себебі олардың мектеп көлеміндегі математика пәнін кезінде жете түсінбегендігінен. Жасыратыны жоқ, мектеп көлеміндегі математика пәнін жетік игере алмай-ақ техникалық жоғары оқу орнының студенті атанғандар бар ғой.

– Сонда қалай, жоғары оқу орнына түсерде олар математика пәнінен емтихан-тест тапсырады емес пе?

– Бұл сұраққа жауап беру өте қиын, ал емтиханды тестпен өткізудің, меніңше, қажет еместігі  айтылып та, жазылып та жүр.

– Демек, көп нәрсе мектептегі үлгеріміне байланысты ғой?

– Иә, мектеп көлеміндегі математика пәнін түсінбеген студент жоғары математика курстарын да игеруі қиын. Ал жоғары математика мен сопромат курстары бір-бірімен тығыз байланысты. Демек, сопроматты меңгеру үшін, алдымен жоғары математика курсын білу өте қажет. Өзге де техникалық пәндерді математика пәндерімен байланыстырып оқыту басқа мемлекеттерге қарағанда үлкен нәтижеге беруде, сондықтан жаңа жаңалық ашуда бір қадам алда жүретінімізге сенемін.

Өзіңіз айтқандай, биік қабатты үй тұрғызғандағы қарапайым арқалықты  (регель) қарастырайық. Арқалыққа түскен салмақ-жүктің әсерінен оның иілуі бәрімізге түсінікті болғанымен, оның қаншалықты иілетінін, яғни иілу арақашықтығын дәл табу қажет. Салмақтың әсерінен арқалықтың иілу арақашықтығы 4-дәрежелі дифференциал теңеуден табылады. Анығын айтқанда, осы дифференциал теңеудің дербес шешімі арқалықтың иілу арақашықтығын анықтайды. Арқалықтың орналасуына байланысты шкаралық шарттар деп аталатын әртүрлі шарттар қойылады. Биік алып құрылыстар тұрғызылғанда, инженерлік жобада олар міндетті түрде ескеріледі. Бір айтарым, байқап жүргеніміздей, біздің кезіміздегідей емес, қазіргі жастардың оқуға деген ынтасы әлдеқайда төмен сияқты. Өйткені оқу ғимараттарындағы оқу залына бара қалғанда, сабаққа дайындалып отырған аздаған студенттерді ғана көреміз. Біз оқыған кезде оқу ғимараттарында және жатақханаларда да оқу залы мен кітапханалар болды. Қажетті оқулықтарды кітапханалардан алатынбыз. Оқулықтар негізінен орыс тілінде болғандықтан, қиналған кездеріміз де болды. Десе де, оқу-білімге деген ынта-жігеріміз бәрін жеңді. Іздендік.

– Отбасыңыз туралы айтсаңыз...

– Жұбайым Күләйма Мұстафина екеуміз бір топта оқыдық. Оқу бітірген соң отбасын құрдық. Ол да ҚазҰТУ-да аға оқытушы болып қызмет жасады. Екі қыз, бір ұлымыз бар. Дина, Дінмұхаммет, Дана. Балаларым Ө.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін, біреуі «Алтын медальға» бітірді. Олар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің математика мамандығын қызыл дипломға аяқтап, магистратураны КИМЭП-те бітірді.

PS: Иә, 123 ғылыми-әдістемелік еңбектерінің, оның ішінде 8 оқулық пен 12 оқу құралының авторы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 2006 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы»  мемлекеттік грант иегері Е.Қасымовқа әлі де талай табыстарға жете беруіне тілектеспіз!

  Марат ӘБДІХАЛЫҚ

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?