18.04.2017 12:10

488

«ҚазҰТЗУ Аруы –2017» байқауы (видео)

14 сәуірде Ө.Байқоңыров атындағы Металлургия және тау-кен ісі институтының акт залында дәстүрлі «ҚазҰТЗУ Аруы-2017» байқауы өтті.  Байқауға қатысатын аруларға деген талаптың күшейе түскеніне де осы жолы көзіміз жетті.  Неге десеңіз, әрбір институттың намысын қорғайтын 8 арудың өнері мен білімін, жан-тән сұлулығын таразылайтын қазылар алқасының құрамында еліміздің мәдениеті мен руханиятына, өнеріне елеулі үлес қосып жүрген тұлғалар болды. Атап айтсақ, Алматы қалалық мәслихатының депутаты  Сабина Бақытқалиқызы,  талантты эстрада жұлдызы, «Алау» тобының әншісі Әсет Арыстанбек, танымал журналист, «Хабар» арнасының және «Русское радиосының» телерадио жүргізушісі Айдын Жасыбай, КТК телеарнасының «Қыз қылығы мен былығы» атты бағдарламасының әзілкеші Перизат Алпысқызы, техника ғылымдарының магистрі, «Мэри Кэй» компаниясының сән киімдері жөніндегі кеңесшісі  Әсия Бекеева, кәсіпкер, «Isabel Garcia» итальяндық сән  компаниясының  қазақстандық бөлімшесінің бас директоры Дана Есеева, тағы басқа да танымал тұлғалар байқауға қазылық жасады.

   

Байқаудың бірінші кезеңі – «Дефиле», яғни байқауға қатысатын аруларымыз өздерінің сәнді киімдерімен көрермендер алдына шықты. Екіншіден, олар Алматы қаласындағы біраз сән үйлерінің жаңа үлгідегі киімдеріне де жарнама жасады. Содан соң қатысушы арулар ұлттық салт-дәстүрімізге қатысты алдын ала дайындалған сұрақтарға жауап берді. Бұл сайыста әсіресе Жоғары технологиялар инженериясы  институтының аруы Әсел Теңгебай, Ақжан Машани атындағы Базалық білім беру институтының аруы Әдеміау Қадырова, Ө.Байқоңыров атындағы Металлургия және тау-кен ісі институтының аруы Талшын Сәукен өте сауатты жауап беріп, ұлттық салт-дәстүрімізді жақсы білетіндігін байқатты. Олар  «Сүйек жаңғырту»,  «Босаға майлау», «Аунату» дәстүрлерін бүгінгі күнмен байланыстыра отырып, кеңінен түсіндірді. Жалпы, байқауға қатысқан 8 ару бұл сыннан сүрінбей өтті деуге болады. Байқаудың ең қызықты сәті – арулар өз өнерлерін ортаға салғанда болды. Шын мәнісінде, бүгінгі жастарымыз сан түрлі өнерді игере алатындығымен қуантты.  Қ. Тұрысов атындағы Геология және  мұнай-газ ісі институтының аруы Шырын Кисеева даңқты қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Найман-Ана» драмасындағы Найман ана ролін тамаша сомдады. Т.Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының аруы  Наргиз Алданазарова ұйғыр халқының ұлттық биімен тамсандырса, А.Бүркітбаев атындағы  Өнеркәсіптік инженерия институтының аруы Ақын Аяулым ағылшынның әдемі биін көрерменге ұсынды. Сондай-ақ Талшын Сәукеннің қас-қағымда киім ауыстыратын өнері де ерекше болды.

Кеш соңында сахна төріне қазылар алқасының мүшелері мен ұйымдастырушылар көтерілді. Қатысқан аруларға көрсетілген құрмет аз болмады. Байқау нәтижесі бойынша Ө. Байқоңыров атындағы Металлургия және тау-кен ісі институтының аруы Талшын Сәукен «Сымбатты ару»,  Ақжан Машани атындағы Базалық білім беру институтының аруы Әдеміау Қадырова «Инабатты ару», Т.Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының аруы  Наргиз Алданазарова «Көрермендер көзайымы», Қ. Тұрысов атындағы Геология және  мұнай-газ ісі институтының аруы Шырын Кисеева  «Өнерлі ару», Экономика және бизнес институтының аруы Сымбат Есқуатова «Қылықты ару», Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар институтының аруы Гүлім Елтаева «Тапқыр ару», Жоғары технологиялар инженериясы институтының аруы Әсел Теңгебай «Көңілді ару» номинациялары бойынша марапатқа ие болды. Республикалық «Таң» студиясы аруларға қаржылай сыйлық ұсынса, байқауды ұйымдастырушылар ағылшын тілін оқытатын курсқа тегін қатысуға мүмкіндік жасады. Сонымен қатар арулардың бәрі жыл соңына дейін сән үйлерінің қызметін тегін пайдалана алатын болды. Олар «Алматы-Аренада» өткізілетін көңілді тапқырлар  кешіне  шақыру билетін алды.

Көрермендер асыға күткен «ҚазҰТЗУ Аруы-2017» байқауының қорытындысын  хабарлайтын кез де келіп жетті. Байқауда көрермендердің ыстық ықыласына бөленген Жоғары технологиялар инженериясы институтының аруы Әсел Теңгебай «ҚазҰТЗУ Аруы-2017» болып танылды. Ол бағалы сыйлықпен марапатталды.

Түйіндей айтқанда, сұлу сазға толы осынау кеш ерекше салтанатымен есімізде қалды.

Барлық суреттерді көру

Серікжан ҚАЖИ

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?