19.04.2017 12:31

222

Латын әліпбиіне көшкеніміз жөн

Жуырда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды. Бұл мақаланы Елбасымыздың әдеттегі Жолдауларына ұқсаттым және  еліміздің жақын болашақтағы басты бағдарламасы ретінде  түйсіндім. Неге десеңіз, мақалада бүгінгі мемлекеттік идеология саралап көрсетілген, сондай-ақ жаңа  саяси-идеологиялық бағыт-бағдарымызды айқындап берген. Рас, осы уақытқа дейін жас мемлекет ретінде еліміздің экономикалық әл-ауқатын жақсартуға назар аударылды. Енді елдігімізді танытатын, Тәуелсіз елдің рухани болашағына қызмет жасайтын кезең туды. Елбасы да осы кезеңді дөп басып, дер кезінде көтеріп отыр. Мақалада: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғы шарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп атап көрсетілген.  Шындығында да,  мақалада халқымыздың рухани жан-дүниесін жаңғыртуға қатысты көптеген ойлар айтылған. Оның бәрін айтып жату менің міндетім емес.

  

Мені қуантқаны – Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы бастамасы. Бұл графикаға қазақ жазуын көшірудің тиімді-тиімсіз жақтары көптен бері айтылып та, жазылып та келеді. Қиындықтары да болар, дегенмен, латын графикасына көшудің ғылым-білім тұрғысынан, заман талабына сай даму үшін маңызы зор. Соның ішінде латын графикасына түскен қазақ тілінің компьютер саласындағы мүмкіндіктері, артықшылықтары көп делінетін көзқарас басымдыққа ие. Одан бөлек, бұл шараның қазақ тілінің дамуына, қолданысының кеңеюіне қосар үлесі де қомақты. Кириллицада қазақ тілінің дыбыс жүйесіне бағынбайтын кемістіктер, көпшілік үйреніп кеткенімен, кірме сөздердің орыс тіліндегі заңдылықтары бойынша сақталып жазылуы, басы артық ь, ъ таңбалары, ф, ц, ч, щ, ю, я әріптері, т.б. қиындықтар кездеседі. Латынға көшуде өзге себептермен қатар, тілдік тұрғыдан осы бір қиындықтарды шешуге, қазақ тілінің дыбыс жүйесін сақтайтын, табиғатына сай жүйелі, жетілген әліпбиді түзу мүмкіндігі туып тұр. Тіл үшін пайдасы болмаса, өзге түркітілдес елдер латын графикасына көшуге құштар болмас еді. Тіпті оның ішінде Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан сияқты елдер көшіп те қойды.

Негізі, қазақ немесе түркі ғалымдарынан бөлек, Ресей ғалымдарының ішінде орыс жазуын латынға көшіру керек деген мәселе көтерілген болатын. Мәселен, РҒА корреспондент мүшесі С.А.Арутюнов «латынға көшу – жаһанданудың бүкіл әлемдік үрдісіндегі заман талабы. Ресей дамыған елдермен қатар, Еуропаның бір бөлігі болғысы келсе, латын әліпбиіне көшу керек немесе ерте ме, кеш пе, соған барады. Кириллица ескіріп қалғандықтан, оны қолданушы барша халық та кириллицаны латынға өзгерту керек» деп ой айтқан еді.  Сондай-ақ қазақ диаспорасы тілін зерттеуші маман ретінде айтарым, латын графикасы шетелдегі қандастарымызбен де қарым-қатынасты жандандыруға, олар үшін бізде жарық көретін әдебиеттерді, мерзімді басылымдарды оқып, танысып отыруға әлдеқайда жеңіл болар еді. Себебі әлемде кириллицадан гөрі латын әліпбиі кеңінен таралған, көпшілік хат танып, жаза біледі.

Жасыратыны жоқ, латын әліпбиін қазіргі заманда әлем жұртшылығының 70 пайызға жуығы қолдануда. Демек, латын әліпбиіне ауыссақ, бүкіл дүниежүзілік қауымдастықтың көпшілігімен еркін қарым-қатынас жасап, әлемдік ақпараттық кеңістікке кең жол ашуымызға мүмкіндік береді. Әрі еліміздегі ұлттар мен ұлыстар арасындағы тілдік қарым-қатынасты жақсарта түседі деген ойдамын.

Алмас ҮДЕРБАЕВ,

А.Машани атындағы Базалық білім беру институты

Қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?