20.04.2017 15:04

57

«Сыпайылық және мейірімділік» cеместрі

18 сәуірде ҚазҰТЗУ-дың  Бас оқу ғимаратындағы №513 оқу залында  А.Машани атындағы Базалық білім беру институты Қазақ және орыс тілдері     кафедрасының ұйымдастыруымен өткен «Сыпайылық және мейірімділік» семестрінің қорытындысы шығарылды. Осыған қатысты жиынды Қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі Алмас Үдербаев ашып, семестр бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Университеттің  академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры Ринат Искаков жиында сөз алып, семестр аясында өтілген шараларға оң баға берді. Алдағы уақыттарда үлкен белестерден көріне берулеріне тілектестігін білдірді.

 

 Айта кетейік, Қазақ және орыс тілдері кафедрасының бұл маңызды шарасы ағымдағы жылдың ақпан айында басталған болатын. Кафедра ұстаздары үш ай мерзім ішінде студенттердің бойында сыпайылық пен мейірімділік қасиеттерін қалыптастыру бағытында көптеген шараларды жүзеге асырды. Онда «Іскерлік мәдениетін қалыптастыру», «Іскерлік  қазақ тілі», «Өзара қарым-қатынас мәдениеті» тақырыптарында ашық сабақтар өткізілді. Кафедра жанынан құрылған «Семсер» және «In pricipo erat verbum – «В начале было слово» клубтары әдеби кештер, елімізге танымал мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесулер өткізді. Студенттер арасында  сауалнама жүргізіп, олардың көпшілік арасында сыпайылық пен мәдениеттілікті қалай сақтай білетіндігіне талдау жасалды. Сондай-ақ студенттер бейнебаян түсіріп, олардың шығармашылық еңбектері арнайы жұмысшы комиссиясының отырысында қорытыланды. «Бүгінгі заманның инженер кадрларының мәдениеті қалай болуы керек?» атты тақырыпта пікірталас өткізілді. Студенттер сыпайылық пен мейірімділік туралы эссе жазып, ұстаздар тарапынан өз бағасын алды.

 

Айталық,  эссе жазудан  85 шығарманың ішіндегі ең таңдаулысы ретінде филология ғылымдарының кандидаты, сениор-лектор Сәуле Айтжанованың жетекшілігіндегі Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар институтының студенті Феруза Мұхидинова мен Ө.Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының студенті Карина Сахипова жүлдегер деп танылды. «Бүгінгі заманның инженер кадрларының мәдениеті қалай болуы керек?» тақырыбында пікірталаста Ө.Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының 1-курс  студенттері Асқар Демеуов, Дінмұхамед Бейсенбінің белсенділігі атап өтілді. Көрнекі ақпарат байқауында  филология ғылымдарының кандидаты, сениор-лектор Нұргүл Танкиева жетекшілік жасаған Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институты студенттерінің жұмысы  жоғары бағаланды. Бейнебаян  түсіруден педагогика ғылымдарының докторы, профессор Күләй Жақсылықова жетекшілік жасаған Ө.Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институты студенттерінің шығармашылық жұмыстары үздік деп танылып, жеңімпаз студенттер Мақтау қағаздарымен марапатталды.

Барлық суреттерді көру

 

Серікжан ҚАЖИ

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?