30.05.2017 12:26

519

Әскери кафедра курсанттары ант қабылдады

27 мамыр күні Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті Әскери істері институтында (Әскери кафедра) үлкен салтанатты шара болып өтті. Көк туымыз көтеріліп, Әнұранмен ашылған іс-шара адам жанын тебірентіп, жиналғандарға Отанға деген қадір-құрмет пен ыстық сүйіспеншілік ұялатып, патриоттық рух беретін мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Әскери кафедраның басты міндеті – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жоғары білікті запастағы офицерлер даярлау.

   

Барлық суреттерді көру

Бұл күні 194 курсант әскери ант қабылдады. Олардың 21-і – қыздар. Салтанатты іс-шараны ҚазҰТЗУ-дың академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры Ринат Искаков ашып, курсанттардың болашағына сәттілік тіледі. «Әрбір курсант үшін әскери ант қабылдау маңызды. Бүгінгі күн – сендердің Отанға, халқымызға, өздеріңнің әскери борыштарыңа адалдықтарыңды білдіретін сәт», – деді проректор. Одан кейін Әскери кафедраның оқу-жаттығу жиынының бастығы подполковник Виктор Алексеев сөз алып: «Әрбір жауынгер Қарулы Күштердің қатарына кіргенде, жеке-жеке әскери ант береді және оны өзінің қолын қоюмен бекітеді. Отанына ант бере отырып, азаматтар ең жоғары және ардақты міндеттеме алады. Әскери ант – үлкен мемлекеттік маңызы бар құжат. Курсанттар үшін бүгінгі маңызды мереке құтты болсын!» – деді.

«Мен, Қазақстан Республикасының азаматы (тегі, аты, әкесінің аты), Қарулы Күштердің қатарына кіре отырып, ант қабылдаймын және Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демім қалғанша адал болуға, өзімнің егемен мемлекетімнің Конституциясы мен зандарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант етемін! Өзіме жүктелген міндеттерді, әскери жарғыларды және командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын бұлжытпай орындауға, әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеруге ант етемін! Әскери істі дәйекті оқып-үйренуге, әскери және халық мүлкін мұқият ұстауға, әскери және мемлекеттік құпияны қатаң сақтауға ант етемін! Мен өз Отанымның, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік мүдделерінің ержүрек әрі батыл қорғаушысы болуға ант етемін! Егер мен өзім қабылдаған әскери антты бұзсам, онда Қазақстан Республикасының зандарында белгіленген қатаң жазаны кешуге әзірмін», – деп ант берді әрбір курсант.

Әскери қызметтің қыр-сырына қаныққан Әскери кафедра түлектері сапта жүру тәртібін көрсетті, алған білімдерін көпшілікке паш етті.

Өз Отанын сүйіп, оны қорғайтын, осы заманға сай білімді де білікті әскери маман даярлауда  Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Әскери істері институтының (Әскери кафедрасының) үлесі өте зор. Әскери кафедрадағы ұйымдастыру қызметі жастарды әскери-патриоттық тәртіпке бейімдеуге, Отанды қорғауға үйретуге, оларды әскери қызметке ынталандыруға және де әскери мамандықтың абыройын арттыруға айтарлықтай көңіл бөліп келе жатқандығы жәйлі кафедрадағы оқу-жаттығу жиыны бастығының орынбасары, тәрбие және әлеуметтік құқық жұмысының запастағы подполковнигі Қадір Әліқұлов бізге әңгімелеп берді.

Салтанатты шараға жиналған курсанттардың ата-ана, туған-туыстарының, достарының жүздерінен көптен күткен осынау қуанышты күнде  шаттық пен бақыттың, сағыныштың белгісі анық байқалды.

Жұлдыз БАҒАШАРОВА

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?