30.05.2017 14:14

385

31 мамыр – Темекіге қарсы күрес күні

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 1988 жылғы шешімімен 31 мамыр – Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні деп жарияланды. Әлемдік қауымдастық алдына ХХІ ғасырда темекі тарту мәселесін жою міндеті қойылды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, әлемдегі шылым шегетін адамдардың тең жартысы осы жағымсыз әдеттен көз жұмады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пайымдауынша, 2030 жылға қарай темекі жыл сайын 8 миллион адамның өліміне себепші болатын көрінеді.

 

Жалпы, темекінің адам денсаулығына, өміріне тигізер зиянды жақтары өте көп. Қатерлі ісік, жүрек-қантамыр аурулары, қант диабеті және тыныс алу жолдарының созылмалы аурулары сынды сан сырқаттың пайда болуының негізгі факторы осы темекі болып табылады. Темекі оны шегетін адаммен қоса, оның түтінімен демалған адамға да зиянын тигізеді. Жыл сайын шылым шекпейтін, бірақ оның түтінімен демалуға мәжбүр 600 мың адам көз жұмады екен. Күн өткен сайын темекіге әуес жандар қатары көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Шылымның да түрлері көптеп пайда болуда. Бұл күнде дүкен сөрелерінен қаз-қатар тізілген темекінің сан түрін көруге болады. Бағасының удай қымбаттығы да адамдар санасына әсер етер емес.

Университетіміздің медициналық орталығының директоры Сәуле Базарбекова темекінің адам ағзасына айтарлықтай зиян тигізетінін және темекіге әуес жастардың денсаулығына алаңдайтынын айтады. «Шылым шегу – өкпенің қатерлі ісігі ауруын тудырады. Өкпе – адам ағзасында тыныс алу қызметін атқаратын орган. Ал осы тыныс алу ағзаларының ішіндегі ең қауіптісі – өкпе қатерлі ісігі болып отыр. Дүние жүзі ғалымдарының зерттеуінше, өкпе қатерлі ісігі ауруларының 90 пайызы шылым шегетіндердің үлесіне тиеді. Күніне 1 қорап шылым шегушілердің өкпе ісігіне ұшырау қаупі 10 есе көп. Мені темекіге әуес жастардың жағдайы алаңдатады. Темекіге, оның түтініне әуестенгенше, салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысса, қандай тамаша болар еді», – дейді дәрігер. Ендеше өзіңді шылым шегуден шеттетіп, спортты жаныңа серік ет!

Мақпал ЫСҚАҚ

подробнее...
Поделиться с друзьями
Как Вам статья?